Мемлекет қазақстандықтардың коммуналдық қызмет шығындарының бір бөлігін өтейді

    Қазақстанда халыққа коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй көмегі түріндегі қосымша әлеуметтік қолдау тетігі қарастырылған. Өңірлік мәслихаттар коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығынның отбасы табысындағы шекті үлесін 5%-дан 10-ға дейін белгілейді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

    «Қазіргі уақытта жергілікті бюджет есебінен 400 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі төленіп, 8 мың адам қолдау алып отыр», – деді спикер.

    Сондай-ақ халықты ауыз сумен қамтамасыз ету қызметтерінің құнын субсидиялау тетігі қарастырылған. Оның аясында ауыз суды жеткізу құнының бір бөлігі бюджет қаражаты есебінен өтеледі. Бұл халық үшін су тарифін қызметтің толық құнынан төмен деңгейде белгілеуге мүмкіндік береді. Субсидия азаматтарға тікелей берілмейді, су шаруашылығы ұйымдары мен сумен жабдықтау кәсіпорындарына аударылады.

    «Мысалы, судың бір текше метріне бекітілген тариф 500 теңге, ал халық үшін төлем мөлшері 120 теңге болса, арадағы 380 теңге айырмашылықты мемлекет субсидиялайды. Биыл осы бағытқа жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 28 млрд теңге бөлінді. Жалпы, мемлекет сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деді Бақытжан Жүнісбеков.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысы Жаңарқа ауданы Ералиев ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары