ТҮРКІСТАН: АУЫЗ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

    Биыл өңірде 42 ауыз су нысанының құрылысына қаржы бөлініп, оның 11-ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 60 мың тұрғыны бар 7 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартылып, ауыз су кестемен берілетін тағы 10 елді мекеннің 46 мың тұрғыны таза сумен қамтылады.
    Түркістан облысында тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету, су желілерінің тозу деңгейін төмендету және су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары З. Жолдасовтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі ауыз сумен жабдықтау саласының өзекті мәселелері, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы және су беруші мекемелердің қаржылық жағдайы қаралды.
    Биыл облыстық бюджет есебінен 42 ауыз су нысанының құрылысына 17,5 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 11 нысанды ағымдағы жылы аяқтау көзделген. Бұл жобалар іске асқан жағдайда, жеті елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары жаңартылып, он елді мекенде ауыз суды кестемен беру мәселесі шешіледі. Нәтижесінде тұрғындар тәулік бойы ауыз су тұтыну мүмкіндігіне ие болады. Қалғаны келер жылға өтпелі. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне де ерекше назар аударылуда.
    Ауыз су инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары елдегі ұлттық жоба аясында жүргізілуде. Жоба екі негізгі бағытты қамтиды: су құбырлары мен су бұру желілерінің тозу деңгейін төмендету және су есептеу құралдарын орнату арқылы жүйелерді аспаптандыру. Кезең-кезеңмен су есептегіш құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Аспаптандыру су тұтыну көлемін нақты есепке алуға, су шығынын бақылауға және коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
    Облыс көлемінде аудандық және қалалық әкімдіктерге қарасты ауыз сумен жабдықтау қызметін көрсететін 17 мекеме жұмыс істейді. Қолданыстағы тарифтердің орташа құны текше метріне 136,90 теңгені құрайды.
    Ауыз су саласындағы жобаларды уақтылы жүзеге асыру, құрылыс сапасын қамтамасыз ету және коммуналдық мекемелердің тұрақты жұмысын қолдау – тұрғындарды үздіксіз сумен қамтудың негізгі шарттары. Осы бағыттағы жұмыстар өңірдегі инфрақұрылымды жаңғыртып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түлкібас ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары