Көптеген азаматтарды мектепте оқыған жылдары, әсіресе мектеп жанындағы оқу-өндірістік комбинатта (ОӨК) мамандық меңгерген кезең зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептеле ме деген сұрақ қызықтырады.
Осыған байланысты түсіндіреміз.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 208-бабына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы тағайындау кезінде оқу кезеңдерінің белгілі бір түрлері еңбек өтіліне есептелуі мүмкін. Оларға жоғары оқу орындарында, орта арнаулы оқу орындарында, училищелерде, сондай-ақ кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарында оқу кезеңдері жатады.
Алайда жалпы білім беретін мектепте оқыған жылдар зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелмейді.
Бұл талап мектеп жанындағы оқу-өндірістік комбинатта (ОӨК) оқыған кезеңге де қатысты, егер оқу жалпы білім беретін мектептің оқу процесі аясында жүргізілсе.
Мысалы, оқушы мектепте білім алып жүріп, ОӨК-те қосымша жұмысшы мамандығын меңгеріп, тиісті куәлік алса да, бұл құжат мектепте оқыған жылдарын еңбек өтіліне автоматты түрде қосуға негіз болмайды.
Себебі мектеп жанындағы оқу-өндірістік комбинат оқушыларға мектептегі оқу процесі шеңберінде бастапқы кәсіптік даярлық беретін ұйым болып саналады. Ол жеке білім беру деңгейі ретінде қарастырылмайды.
Назар аударыңыз!Жұмысшы мамандығын меңгергені туралы куәліктің болуы оқу кезеңінің еңбек өтіліне міндетті түрде есептелетінін білдірмейді.
Қорытындылай келе, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалпы білім беретін мектепте, оның ішінде мектеп жанындағы оқу-өндірістік комбинатта оқыған кезең жасына байланысты зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелмейді.









