ТЖМ авиациясының әрбір ұшуының артында әуе кемесі экипажының еңбегі мен «Қазавиақұтқару» АҚ бүкіл ұжымының үйлесімді жұмысы тұр. Әуе кемесін ұшуға дайындаудан бастап, қойылған міндетті орындау мен қонуға дейінгі әр кезеңге ондаған маман жұмылдырылады. Олардың әрқайсысы өзіне жүктелген маңызды міндетті атқарады.
Бұл жүйенің негізгі буындарының бірі – Жедел басқару орталығы. Оның мамандары тәулік бойы авиациялық операцияларды үйлестіріп, қажетті ақпараттың уақтылы берілуін және мүдделі қызметтермен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Осындай жауапты жұмысты «Қазавиақұтқару» АҚ Жедел басқару орталығының жедел кезекшісі Алма Мұхамедиева атқарады. Алма үшін жұмыстың басты нәтижесі – қойылған міндетті сәтті орындау және адамдарды құтқару. Оның айтуынша, дәл осындай сәттер өз мамандығының маңызын терең сезінуге мүмкіндік береді.
«Ұшқыштарымыз әрдайым аман-есен болып, әуе кемелеріміздің ұшуы мен қонуы сәтті өтсін. Аспанымыз ашық, елімізде бейбітшілік пен тыныштық орнап, халқымыз аман болсын!» – дейді Алма.
Кезекшілік барысында әуе кемелерінің ұшуы мен қонуы бақыланып, тиісті ақпарат мүдделі құзырлы органдарға уақтылы жеткізіледі. Сонымен қатар келесі күнге арналған ұшу жоспарлары әзірленіп, туындаған ұйымдастырушылық мәселелер жедел шешіледі. Төтенше жағдай туындаған кезде жедел кезекшілердің жұмысы одан әрі қарқындай түседі. Қажетті адам күші мен техника жұмылдырылып, барлық мүдделі қызметтердің өзара іс-қимылы қамтамасыз етіледі. Мұндай сәттерде ақпаратты жедел алу, дұрыс шешім қабылдау және қойылған міндеттерді уақытылы жеткізу ерекше маңызға ие.
Бұл жұмыс жоғары жауапкершілікті, сабырлылықты, төзімділікті және кез келген жағдайда жедел шешім қабылдай білуді талап етеді. Жедел кезекшілер санитариялық авиация рейстерін, іздестіру-құтқару жұмыстарын, эвакуацияны, өрт сөндіруді, төтенше жағдайлардың салдарын жоюды және басқа да арнайы міндеттерді ұйымдастыруға қатысады.









