Ақтөбеде даму ерекшеліктері бар жастардың кәсіби білім алып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалады. Биыл қараша айында Ақтөбе сервис колледжінің базасында өңірдегі алғашқы оқу-өндірістік комбинат ашылады. Мұнда қатысушылар кондитер мамандығын меңгеріп, тәжірибе жинақтайды.
Жобаны іске қосу мәселесі бүгін Ақтөбе облысының білім басқармасында талқыланды. Кездесу барысында басқарма мен «Bolashak Charity» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат өңірде жобаны жүзеге асыруға негіз болады.
Ақтөбе оқу-өндірістік комбинаттар жобасы іске асырылатын Қазақстанның бесінші қаласы атанады. 2024 жылдан бері мұндай бағдарламалар Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларында жұмыс істеп келеді.
Алғашқы топқа 16–23 жас аралығындағы, интеллектуалдық және мінез-құлық ерекшеліктері бар 10 жас қабылданады. Олар алты ай бойы колледж базасында кондитер мамандығын меңгереді. Оқу аяқталған соң түлектерге мемлекеттік үлгідегі куәліктер беріледі.
Бағдарламаның маңызды бөлігі — нақты жұмыс жағдайында тәжірибе жинақтау. Оқудың үшінші айынан бастап қатысушыларды жергілікті наубайханада тәжірибеден өткізу жоспарланып отыр. Бұл оларға алған білімдерін іс жүзінде қолданып, болашақта жұмысқа орналасуға дайындалуға мүмкіндік береді.









