2026 жылғы 30 қыркүйекте Астана қаласында «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық форумы қарсаңында Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы **Отарбаев Асет Болатович** DEC40 (Global Digital Economy Cities Alliance) халықаралық альянсымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты.
Құжат өңірлерді цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын қолдану және «ақылды қала» (Smart City) тұжырымдамасы аясындағы заманауи шешімдерді енгізу бағыттарында халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
DEC40 халықаралық альянсы цифрлық экономика және қалалық инфрақұрылымды зияткерлік басқару салаларында тәжірибе, озық практикалар мен технологиялық шешімдер алмасуға арналған халықаралық алаң болып табылады.
Меморандумға қол қою халықаралық тәжірибені зерделеуге, әріптестік байланыстарды дамытуға және Ақтөбе облысының қажеттіліктерін ескере отырып, заманауи цифрлық шешімдерді қолдануға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының қатарында жасанды интеллект технологияларын дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, қалалық ортаны басқарудың зияткерлік құралдарын енгізу және халық үшін цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру көзделген.
Ақтөбе облысының аталған халықаралық ынтымақтастыққа қатысуы өңірдің цифрлық экожүйесін одан әрі дамытуға, басқару тиімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық шешімдерді енгізуге негіз қалайды.






