Шымкентте азаматтық қорғау органының құрметті ардагерлері заманауи құтқару қызметінің жұмысымен танысты
Құтқарушылардың кәсіби жолы – аға буынның тәжірибесі мен кейінгі ұрпақтың ізденісі тоғысқан ортақ тарих. Құтқарушылар күні қарсаңында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау органының құрметті ардагерлері Бауыржан Маханов, Дүйсенбек Битанов және Ғабит Ахметовпен кездесу өтті. Ал «112 Шымкент» бағдарламасы тарихи сәттен түсірілім жүргізді.
Кездесу барысында ардагерлер Күштер мен құралдарды басқару орталығының жұмысымен танысып, 101 және 112 нөмірлері арқылы келіп түсетін хабарламаларды қабылдау және тиісті қызметтердің әрекетін үйлестіру үдерісін көрді. Бұрын осы орталықта жедел кезекші болып еңбек еткен ардагер үшін заманауи жұмыс орнымен танысу ерекше әсерлі сәттердің бірі болды. Ол өткен жылдардағы қызмет тәжірибесін еске алып, қазіргі жұмыс мүмкіндіктерімен салыстырды.
Бұдан кейін ардагерлер № 9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде болып, жеке құраммен жүздесті. Олар өрт сөндіру техникасы мен арнайы құрал-жабдықтардың мүмкіндіктерімен танысып, жас қызметкерлермен пікір алмасты.
Жүздесу барысында азаматтық қорғау саласының дамуы, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндіктері және кәсіби тәжірибені кейінгі буынға жеткізудің маңызы сөз болды. Ардагерлер жас құтқарушыларға ізгі тілектерін білдіріп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметтің маңызын атап өтті. Ал «112 Шымкент» бағдарламасы тарихи сәттен түсірілім жүргізді.
Мұндай кездесулер – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, кәсіби дәстүрлерді дәріптеудің маңызды бөлігі. Заманауи техника мен технологиялар жаңарғанымен, құтқарушы қызметінің басты мақсаты өзгермейді: адам өмірін қорғау және қиын сәтте көмекке келу.








