Шахтинскіде білім беру ұйымдарының маңындағы жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыру және өткелдерге жақын жерлерге жүргізушілерге арналған ескерту құрылымдарын орнату жұмыстары аяқталды. Қалада жалпы аумағы 5,5 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы төселді.

Атқарылған жұмыстар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жаңа тротуарлар № 3 және 6 мектептерге, сондай-ақ «Ботагөз» бен «Қарлығаш» балабақшаларына апаратын жолдарға төселді. Бұл балалар мен ата-аналардың білім беру ұйымдарына қатынауын жеңілдетіп, жолдағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңына жүргізушілердің назарын аударатын ақпараттық құрылымдар орнатылды.

Олар С. Асфендияров, Ш. Уәлиханов, С. Сейфуллин, Е. Бөкетов және Ә. Бөкейханов атындағы мектептердің, № 6 және 7 мектептердің, сондай-ақ «Салтанат», «Қарлығаш», «Ақшақар», «Ботагөз» және «Еркетай» балабақшаларының жанында орналасқан.

Ескерту құрылымдары көлік жүргізушілеріне жылдамдықты асырмай, әсіресе балалар жиі жүретін жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындағанда барынша сақ болу қажеттігін еске салады.

Қалада қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Шахтинск қаласы әкімдігінің мәліметінше








