1 / 13
Түркістан қаласында 25 қазан – Республика күні және Қала күні мерекелеріне орай КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Орта Азия мен Қазақстанның волейболдан тұңғыш спорт шебері Октябрь Қыдырбайұлы Жарылқаповты еске алуға арналған мектеп бітіруші түлектер арасындағы дәстүрлі республикалық ашық волейбол турнирі басталды.
Турнирдің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры міндетін атқарушы Бекежан Мырзаев, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысты.
Республикалық жарысқа еліміздің әр өңірінен 6 команда қатысып, жалпы саны 100-ге жуық жас спортшы өзара бақ сынады.
Турнирдің мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, волейбол спортын дамыту, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және Октябрь Жарылқаповтың есімін ұлықтау. Сонымен қатар жарыс қатысушылардың тәжірибе алмасуына, достық қарым-қатынасты нығайтуына мүмкіндік берді.









