Түркістан облысында автомобиль жолдарындағы көпірлердің техникалық жай-күйін бағалау, жөндеуді қажет ететін нысандарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен мекеме басшыларының қатысуымен жиын өткізіп, көпірлерді техникалық тексеруден өткізу және қажетті жұмыстарды жоспарлау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Өңірдегі 300-ден астам көпірге техникалық тексеру жүргізу қажеттілігі анықталған. Осыған байланысты облыс әкімі әр нысанның нақты жағдайын зерделеп, тексеру жұмыстарын кезең-кезеңімен ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ жауапты басқармаларға жөндеу кезектілігін, қажетті қаржы көлемін және іске асыру мерзімдерін айқындайтын нақты ұсыныстар әзірлеу міндеттелді. Қаржыландыру мәселелерін шешу үшін салалық министрлікпен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуат Жұматаев көпірлердің техникалық жағдайы, жөндеу және реконструкциялау жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Өңірде барлығы 868 көпір бар. Оның 107-сі республикалық, 404-і облыстық, 357-сі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан.
Биыл облыс аумағында 10 көпірді жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін алты көпірді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны облыстық маңызы бар жолдардағы көпір тіректерін нығайту, кіреберіс және шығаберіс бөліктерін бетондау, су өткізгіш құбырлардың өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын атқаруда.
Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалы республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының 2-шақырымындағы көпірді күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, аудан және қала әкімдіктері үш нысанда тиісті жұмыстар жүргізуде.
Жөндеуді бірінші кезекте қажет ететін 10 көпір бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мердігер ұйымдар анықталған. Бұл нысандардың жалпы жобалық құны 7,8 млрд теңгені құрайды. Екінші кезектегі жеті көпірді жөндеудің жобалық құны шамамен 4,2 млрд теңге.
Облыс әкімі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын және техникалық тексеру нәтижелері негізінде қажетті шаралардың уақтылы қабылдануын тапсырды.
Көпірлердің нақты жағдайын бағалау, жөндеу жұмыстарын басымдыққа сәйкес жоспарлау және қаржыландыру мәселелерін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтау жұмыстары жалғасады.









