Қауіпсіздік тәрбиесі бала кезден басталады

    1 / 16

    Құтқарушылар күні қарсаңында Ақтау қаласындағы № 7 мамандандырылған IT-лицейдің 3 «Д» және 4 «В» сынып оқушылары ата-аналарымен бірге № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен Азаматтық қорғау музейіне экскурсияға барды. Сонымен қатар «Өркен» мектебінің 4-сынып оқушылары № 13 өрт сөндіру бөлімінде болды.

    Экскурсия барысында оқушылар өрт сөндірушілердің күрделі әрі жауапты қызметімен танысып, өрт сөндіру техникасын, құтқару құрал-жабдықтарын және өрт сөндірушілердің арнайы киімдерін көрді. Балаларға өрт кезіндегі және өрт шыққан жердің маңындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кезде қалай әрекет ету керектігі және өрт туралы қандай телефон нөмірлеріне хабарлау қажеттігі ескертілді. Оқушылар өрт сөндірушілердің күнделікті қызметі мен тыныс-тіршілігі туралы да мағлұмат алды.

    Балалар өрт сөндіру қызметінің тарихы, өрт сөндірушілердің кәсіби міндеттері, өртті сөндіру және адамдарды құтқару жұмыстары туралы көптеген сұрақ қойды. Әсіресе өрт сөндірушінің каскасын киіп көру балаларға ерекше қызық болды.

    Экскурсияның ең әсерлі сәттерінің бірі - нағыз өрт сөндіру көлігінің кабинасына отырып көру мүмкіндігі. Балалар бұл мүмкіндікті қуана пайдаланып, естелік суреттерге түсті.

    Экскурсиялар достық әрі жылы атмосферада өтіп, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оқушылар қауіпсіздікке қатысты көптеген пайдалы мәлімет алып, өрт сөндірушілердің еңбегімен жақынырақ танысты. Бәлкім, олардың кейбірінің жүрегінде болашақта батыл, жауапты әрі адамдарға көмектесуге әрдайым дайын құтқарушы болсам деген арман ұялаған шығар. Қауіпсіздік мәдениетін бала кезден қалыптастыру - әрбір баланың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.

    Маңғыстау облысы ТЖД

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары