Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары шеңберінде Алматы облысының Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ ауданаралық ауруханасы базасында орналасқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі демонстрациялық платформасына Бельгия делегациясы барды.
Делегацияның құрамына Фландрия үкіметінің Денсаулық сақтау департаментінің өкілдері, оның ішінде МСАК жөніндегі топтың жетекшісі Томас Букс, сондай-ақ Гент және Льеж университеттерінің жетекші профессорлары кірді.
Қазақстандағы ДДҰ-ның демонстрациялық платформасы отбасылық медицина моделіне, командалық жұмысқа және аурулардың профилактикасына басымдық беріле отырып, денсаулық сақтаудың алғашқы буынын дамытудың заманауи тәсілдері тәжірибеде пысықталып, енгізілетін озық алаң ретінде жұмыс істейді.
Сапар барысында қонақтар платформаның жұмысымен жан-жақты танысты. Дөңгелек үстел шеңберінде МСАК қызметін жаңғыртудың негізгі кезеңдері, отбасылық дәрігерлерді, кеңейтілген практика мейіргерлерін, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарды біріктіретін мультидисциплинарлық командалардың жұмысы, сондай-ақ қол жеткізілген клиникалық нәтижелер мен алдағы міндеттер таныстырылды.
Бельгиялық сарапшылар жүргізіліп жатқан өзгерістердің ауқымы мен Қазақстан тәжірибесінің практикалық маңыздылығына жоғары баға берді. Сонымен қатар олар кәсіби ашық диалог үшін, жылы қабылдау мен мазмұнды бағдарлама ұйымдастырғаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс білдірді.









