Қазақстанда әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі жетілдірілуде

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халыққа әлеуметтік қолдау көрсету жүйесіне енгізілетін өзгерістер бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Негізгі бағыттардың бірі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде азаматтардың көмекке мұқтаждығын анықтау тәртібін жетілдіру.

    Өзгерістердің басты мақсаты отбасылардың нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға әділ әрі нақты бағыттау. Жаңа тәсіл азаматтардың өмірлік жағдайын ескеруге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

    Қазір мемлекеттік жәрдемақылар негізінен азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуына қарай тағайындалады. Алайда бұл тәсіл барлық отбасының тұрмыс деңгейіндегі айырмашылықтарды толық ескере бермейді.

    Осыған байланысты отбасының әлеуметтік әл-ауқатын анықтау әдістемесі жетілдіріліп жатыр. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде отбасының немесе үй шаруашылығының материалдық жағдайы мен әлеуметтік тұрақтылығын жан-жақты бағалауды көздейді.

    Бағалау кезінде қаржылық жағдайы, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, жылжымайтын мүлкінің, көлігінің, жер учаскелерінің және бизнесінің болуы, несие міндеттемелері, сондай-ақ отбасы құрамы, мүшелерінің жасы және басқа да әлеуметтік ерекшеліктер ескеріледі.

    Жан-жақты бағалау нәтижесінде отбасылар әлеуметтік әл-ауқатына қарай бес санатқа бөлінеді: А санаты – әл-ауқаты жоғары деңгей; В санаты – ауқатты деңгей; С санаты – жағдайы қанағаттанарлық деңгей; D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгей; Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгей.

    Отбасының қай санатқа жататыны бір ғана көрсеткішке қарап анықталмайды. Отбасының жалпы жағдайын сипаттайтын барлық фактор бірге ескеріледі. Сондықтан пәтердің, көліктің немесе басқа да мүліктің болуы өздігінен отбасын белгілі бір санатқа жатқызуға негіз болмайды.

    Жаңа тәсілге сәйкес, бағалау нәтижесінде А немесе В санатына жатқызылған отбасыларға мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалатын жекелеген жәрдемақылар берілмейді. Ал мұндай төлемдерді қазірдің өзінде алып жүрген отбасыларға төлем жасау заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылады.

    Ал С, D және Е санатындағы отбасыларға тиісті мемлекеттік қолдау шаралары бұрынғыдай қарастырылған талаптар сақталған жағдайда көрсетіледі. Бұл өзгерістер әлеуметтік қолдаудың бүкіл жүйесі жойылады дегенді білдірмейді. Заңнамада азаматтардың жекелеген санаттарына арналған ерекшеліктер мен кепілдіктер бар. Олар отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан сақталады.

    Егер отбасының өмірлік жағдайы өзгерсе, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған мәліметтер негізінде оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта қаралуы мүмкін.

    Бағалау тәртібін жетілдіру мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж адамдарға жетуін және оны тағайындау үдерісінің ашық болуын көздейді. Отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты бағалау азаматтардың қандай әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, бюджет қаражаты ең алдымен мемлекет көмегіне шынымен мұқтаж адамдарға бағытталады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" жаңалықтары