Түркістан облысында құтқару бөлімшелері мен трассалық медициналық-құтқару бекеттерінің қыс мезгіліндегі үздіксіз жұмысқа әзірлігі пысықталды.
Түркістан облысында қысқы кезеңге дайындық аясында Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жедел құтқару жасағының Ленгер және Шардара бөлімшелерінде, сондай-ақ «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің Түркістан облысы бойынша филиалына қарасты «Төрткөл», «Қазығұрт» және «Қызыл-Әскер» трассалық медициналық-құтқару бекеттерінде тексеру жұмыстары жүргізілді.
Тексерудің негізгі мақсаты – қысқы кезеңде жедел әрекет ету бөлімшелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жеке құрамның дайындығын бағалау және материалдық-техникалық жабдықтардың әзірлігін тексеру.
Іс-шара барысында құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің қысқы киіммен қамтамасыз етілуі, жылыту қазандықтарының жұмыс жағдайы, медициналық автокөліктердің техникалық дайындығы қаралды. Сонымен қатар авариялық-құтқару және сүңгуірлік құрал-жабдықтардың әзірлігіне назар аударылды.
Бұдан бөлек, жеке құрамның күнделікті қызметтік тәртібі пысықталып, еңбек қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі және техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша нұсқамалар өткізілді.
Қысқы кезеңге алдын ала дайындық жүргізу – төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, құтқару жұмыстарын уақтылы ұйымдастыруға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі.









