Шымкент қаласында жаңа өндірістік нысандарды іске қосу және кәсіпкерлік инфрақұрылымын кеңейту бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда. Инвестиция тарту арқылы өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және қаланың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ерекше мән берілуде.
Солардың бірі – «СП «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС-нің алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты. Инвестициялық құны 27 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын пайдалануға беріліп, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру мақсатында құны 10,5 млрд теңге болатын үшінші өндірістік желінің құрылысы аяқталуға жақын.
Сонымен қатар қаладағы сауда-логистикалық орталықты кеңейту жобасы қолға алынған. Жалпы аумағы 136 гектарды құрайтын аумақта 119,7 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуды көздейтін 22 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобалар нәтижесінде 1 310 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Қалада мұнымен қатар мұнай-химия, алюминий өнімдерін өндіру, жылыжай кешендерін салу, технологиялық материалдар шығару, қалдықтарды өңдеу және медициналық инфрақұрылымды дамыту бағыттарында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Олардың қатарында «Alsera KZ» компаниясының жылыжай кешенін салу жобасы бар. Жобаның инвестициялық көлемі 110 млрд теңгені құрайды. Толық жүзеге асырылған жағдайда 1 750 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта жобаның бірінші кезеңіндегі құрылыс жұмыстары аяқталып, кешенді одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасуда.
Аталған жобалар қаланың өндірістік және логистикалық мүмкіндіктерін арттыруға, кәсіпкерлік қызметтің ауқымын кеңейтуге және еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді.
Шымкентте инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасын табады. Бұл бастамалар қаланың экономикалық құрылымын әртараптандыруға және оның іскерлік орталық ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.








