Шымкент қаласында өндірістік инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық берілуде. Индустриялық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану мен жаңа өндіріс орындарын ашу қаланың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда Шымкентте жалпы аумағы 1 394 гектарды құрайтын 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Аталған аумақтарда жалпы инвестициялық құны 466,6 млрд теңгені құрайтын 353 жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 10 022 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Индустриялық аймақтар кәсіпкерлерге өндіріс орындарын орналастыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, инвестиция тартуға, өнеркәсіптік әлеуетті кеңейтуге және жаңа кәсіпорындардың қалыптасуына жағдай жасайды. Сонымен қатар бұл аумақтарда өндірістік қызметтің дамуы қаланың еңбек нарығына да оң ықпал етеді.
Инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары алдағы жылдарға арналған жоспарлармен де сабақтасып отыр. Атап айтқанда, 2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық пулға жалпы құны 4,46 трлн теңгені құрайтын 164 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Инвестициялық жобалардың басым бағыттарының бірі – өңдеу өнеркәсібі. Бұл салада жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайтын 110 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 9 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.
Өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту дайын өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Ал жаңа жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашады.
Шымкентте индустриялық инфрақұрылымды жетілдіру және инвестициялық бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Бұл өз кезегінде қаланың өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және экономиканың тұрақты дамуына серпін береді.








