Алматы әкімі Дархан Сатыбалды World Tennis Бас ассамблеясының отырысын ашты

    1 / 9

    Алматыда халықаралық теннис қауымдастығының жыл сайынғы ең ірі іс-шараларының бірі World Tennis Бас ассамблеясы ашылды. Форумға 137 елдің ұлттық теннис федерациясы мен спорт ұйымдарының өкілдерін қосқанда 230-дан астам делегат қатысып жатыр.

    Салтанатты рәсімде Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ассамблея қатысушыларына жолдаған құттықтауын оқып берді.

    «Осындай беделді халықаралық іс-шараның Алматыда өтуі – әлемдік қауымдастықтың елімізге деген зор сенімі мен құрметінің көрінісі. Біз мұны шынайы мақтан тұтамыз», – делінген Президент құттықтауында.

    Мемлекет басшысы Қазақстанда теннисті дамытуға, спорт инфрақұрылымын жетілдіруге және дарынды спортшыларды қолдауға айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар кәсіби жаттықтырушылар мен маман даярлауға, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілетінін жеткізді.

    Президент құттықтауында Бас ассамблея халықаралық әріптестікті нығайтып, әлемдік теннистің өркендеуіне серпін беретініне сенім білдірді.

    Салтанатты рәсім аясында Халықаралық теннис федерациясының (WTF) президенті Дэвид Хаггерти II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награда Мемлекет басшысының Жарлығымен халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді. Орденді Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыстады.

    Марапаттау рәсімінен кейін Дархан Сатыбалды құттықтау сөз сөйлеп, Бас ассамблеяның ашылғанын ресми түрде жариялады.

    Форум аясында делегаттар әлемдік теннисті дамытудың негізгі жайттарын талқылап жатыр. Олардың қатарында ұлттық федерацияларды қолдау, жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлау, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық жарыстар өткізу мәселесі бар.

    Бас ассамблеяның Алматыда өтуі қаланың спорттық әлеуетін, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу тәжірибесін және әлемдік теннис қауымдастығымен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін танытуға жол ашады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары