«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде Астана қаласы Сарыарқа ауданының прокуратурасы уәкілетті органдардың өкілдерімен бірлесіп «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы аясында азаматтарды ашық диалог форматында қабылдау өткізді.
Іс-шараның мақсаты – халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсету, білікті заң кеңестерін беру, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіруге және құқықтық мәселелерді шешуге жәрдемдесу.
Акцияға 15-тен астам мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қабылдау барысында 100-ден аса тұрғын өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша түсініктемелер алды.
Бұдан бөлек акция қатысушыларына кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын-алу жөніндегі ұсынымдар мен алаяқтыққа қарсы сақтық шараларын қамтитын ақпараттық буклеттер мен жадынамалар табысталды.
Аталған іс-шара азаматтардың білікті құқықтық көмекке қол жеткізуін кеңейтуге және мемлекеттік институттар мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғастырылатын болады.
Астана қаласының прокуратурасы




