Прокуратура органдары бюджеттік қаражатты жұмсау саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалауды тұрақты негізде жүзеге асырады.
Қадағалау қызметі шеңберінде Петропавл қаласының №42 орта мектебінің бухгалтері жасаған бюджеттік қаражатты жүйелі түрде жымқыру фактілері анықталды.
Аталған лауазымды тұлғаның 2019 жылғы тамыздан 2024 жылғы тамызға дейінгі кезеңде білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалпы сомасы 89 млн теңгеге жалақы түрінде ақшалай қаражатты заңсыз аударғаны, оның ішінде мектеп мұғалімдерінің бірінің араласуымен 25 млн теңге мөлшерінде залал келтірілгені анықталды.
Анықталған бұзушылықтар бойынша Петропавл қаласының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Петропавл қалалық сотының 25.05.2026 жылғы үкімімен мектеп мұғалімі мен бухгалтер аталған құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 және 8 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды (заңды күшіне енген).
Облыс прокуратурасы бюджеттік қаражатты пайдалану саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.









