Жетісуда жыл соңына дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді

    1 / 4

    Жетісу облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл соңына дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Ақсу ауданында да жол инфрақұрылымының сапасы айтарлықтай жақсарған. Соңғы үш жылда ауданда облыстық маңызы бар 180,2 шақырым жол жөнделіп, 13 елді мекендегі 49 көше жаңартылды, 5 ауылда көше жарығы орнатылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Облыстық маңызы бар «Талдықорған – Үштөбе» (40 шақырым) және «Ақсу – Жаңалық» (22 шақырым) автожолдарын жөндеу жұмыстары аяқталды.

    - «Жансүгіров - Матай» автожолының Ақсуға дейінгі учаскесінде 30 шақырым жолға толықтай асфальт төселді. «Ақсу - Ойтоған» және «Ақсу - Қаракөз» автожолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Олар келесі жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге де жыл сайын ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, биыл Жансүгіров ауылында 9 көше жөнделді. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады, - деді Б. Исабаев.

    Атап өтсек, былтыр облыстық маңызы бар Егінсу, Алтынарық ауылдарына кіреберіс автожолдар, сондай-ақ «Алматы - Өскемен» тасжолынан Қапал ауылына дейінгі 26 шақырым жол учаскесі жөнделді.

    Сонымен қатар өңірде республикалық маңызы бар «Алматы - Өскемен» автожолының Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі учаскесінде және қаланың айналма жолдарында жалпы ұзындығы 159 шақырымды құрайтын орташа және күрделі жөндеу жобалары жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 103 шақырым жолда жұмыс аяқталды, қалған учаскелердегі жөндеу жұмыстары келесі жылы жалғасады.

    Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қаратал ауданының әкімдігі" жаңалықтары