Манамада Қазақстан мен Бахрейн ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды

    1 / 6

    Манама, 2026 жылғы 6–8 қазан–Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы Мадияр Меңілбеков жұмыс сапары аясында Корольдіктің ресми тұлғаларымен, іскерлік және мәдени орта өкілдерімен кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

    Елші «Exhibition World Bahrain» орталығында өткен «Made in GCC 2026» өнеркәсіптік форум-көрмесіне қатысты. Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифаның қамқорлығымен ұйымдастырылған іс-шараны Король атынан Тақ мұрагері – Премьер-Министр Салман бен Хамад Әл-Халифа ашты. Форум аясында өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық әріптестік мүмкіндіктеріне назар аударылды.

    Бахрейн Сыртқы істер министрлігінің Протокол қызметінің басшысы Салах Мұхаммед Шихабпен кездесуде саяси консультациялардың екінші раундына дайындық, сондай-ақ жоғары деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

    Король Хамад атындағы Жаһандық бейбіт қатар өмір сүру және толеранттылық орталығының атқарушы директоры Мунира Науфал Әл-Досеримен дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту, екі елдің бейінді институттары арасындағы байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Бахрейндік тарап Қазақстанның осы саладағы үлесіне және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің рөліне оң баға берді.

    Елші билеуші әулет мүшесі, Өнер жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы, Бахрейн өнер қоғамының құрметті президенті және «RAK Art Foundation» қорының негізін қалаушы шейх Рашид бен Халифа Әл-Халифамен кездесіп, оның жеке көрмесін тамашалады. Мәдени алмасулар мен өнер мекемелері арасындағы байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша суретшінің Қазақстандағы жеке көрмесін ұйымдастыру мүмкіндігін пысықтау ұсынылды.

    Бахрейн Сауда-өнеркәсіп палатасы директорлар кеңесінің мүшесі Абдулуахаб Юсуф Әл-Хауаджбен сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды жандандыру мәселелері қаралды. Қазақстан – Бахрейн Іскерлік кеңесін құру мүмкіндігіне ерекше назар аударылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Бас консулдығы, Манама" жаңалықтары