Шығыс Қазақстанда «Алтай» диспетчерлік пункті 19 жылда алғаш рет жаңартылды

    1 / 22

    Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының Зубовск кентінде ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің «Алтай» диспетчерлік пунктінің жаңартылған ғимараты салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, бөлімше қызметкерлері және жобаға қолдау көрсеткен ұйымдардың өкілдері қатысты. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін алғаш рет, яғни 19 жыл ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

    Бөлімшенің тарихы 1966 жылы Зубовск кентінде болған жойқын қар көшкінімен байланысты. Осы оқиғадан кейін қар жамылғысының жай-күйін бақылау үшін қар көшкіні станциясы ұйымдастырылды. Алғашында мамандар жергілікті мектеп ғимаратында орналасты. 2007 жылы бөлімше үшін жеке ғимарат салынды. Содан бері нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді.

    Жаңғырту аясында ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылып, электрмен жабдықтау және жылыту жүйелері жаңғыртылды, қызметтік техникаға арналған гараж жөнделді. Мамандардың жұмыс орындары, демалыс бөлмелері мен санитарлық-тұрмыстық жағдайлары ретке келтірілді. Демеушілердің қолдауымен аумаққа асфальт төселіп, сыртқы жарықтандыру жүйесі мен шамдар орнатылды, шағын сәулет нысандары мен демалыс күркесі жабдықталды. Бұл аумақты кешенді абаттандыруға және мамандардың жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауға мүмкіндік берді.

    «Алтай» диспетчерлік пункті сел, қар көшкіні, көшкін және гидрологиялық жағдайға, соның ішінде Тұрғысын өзенінің бассейніндегі ахуалға мониторинг жүргізеді. Мамандар қар көшкінін ұстап қалатын қалқандардың пайдаланылуы мен техникалық жай-күйіне де жауап береді. Гидрометеорологиялық жағдай туралы ақпарат тәулігіне үш рет, ал жағдай күрделенген кезде әр екі сағат сайын беріледі.

    Іс-шара барысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазселденқорғау» мамандары министрдің алғыс хаттарымен марапатталды. Диспетчерлік пунктті жаңарту табиғи қауіптерге мониторинг жүргізу тиімділігін арттыруға, жедел ден қоюды қамтамасыз етуге және Шығыс Қазақстан тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі" жаңалықтары