Жол қозғалысы қауіпсіздігі – әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты. Алкогольдік масаң күйде көлік басқару – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылық. Осыған байланысты Ақтөбе облысы ПД патрульдік полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқару фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында күнделікті профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, екі демалыс күнінде өткізілген мақсатты рейдтік іс-шаралар барысында алкогольдік масаң күйде көлік басқарған 10 жүргізуші анықталды. Барлық құқық бұзушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Мас күйінде көлік басқарған жүргізуші жол жағдайын дұрыс бағалай алмайды, қауіпті дер кезінде байқап, қажетті шешім қабылдауда қателік жіберуі мүмкін. Мұндай жауапсыздық жол-көлік оқиғаларына, адамдардың жарақат алуына, тіпті адам өліміне әкелуі ықтимал.
Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мас күйінде көлік басқару деректерін анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Полиция жүргізушілерді рөлге мас күйінде отырмауға шақырады! Егер алкогольдік ішімдік ішкен болсаңыз, көлік жүргізбеңіз. Үйге қауіпсіз жету үшін такси қызметін пайдаланыңыз немесе көлікті сау жүргізушіге сеніп тапсырыңыз. Есіңізде болсын, рөлдегі бір сәттік жауапсыздық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Өзіңіздің және өзгелердің өміріне қауіп төндірмеңіз!









