Абай облысының Жарма ауданындағы «Дәурен» шаруа қожалығы қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіреді. Бұл еліміздегі тұтас жайлымды қоршау жүйесімен жұмыс істейтін жалғыз шаруашылық. Австралия технологиясын пайдаланатын қожалық малды сумен қамтамасыз етудің заманауи тәсілін де енгізген. Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов жұмыс сапарымен барып, шаруашылықтың тың тәсілімен, тыныс-тіршілігімен танысты.

Ауыл шаруашылығында жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін мал басын көбейтумен шектелу жеткіліксіз. Малдың генетикалық сапасы, жем-шөп қоры, жайылымның өнімділігі және өндірістік шығындарды басқару да маңызды. «Дәурен» шаруа қожалығы осы бағыттарды қатар дамытуға басымдық беріп отыр. Фермер Нұртуған Манап жетекшілік ететін қожалықта сегіз табын сиыр бар. Негізгі бағыты генетикалық әлеуеті жоғары асыл тұқымды мал өсіру. Қожалықтың тәжірибесі асыл тұқымды мал өсірудің коммерциялық әлеуетін де көрсетеді. Мұнда өсірілген бұқалар республикалық ауыл шаруашылығы көрмелерінде талай рет жоғары бағаланған. Мәселен, 2024 жылы «Jana Dala / Green Day» көрмесінде қожалықтың «Шомбал» атты бұқасы «Үздік бұқа» атағын жеңіп алды. Сол жылы «Жойқын» атты бұқасы аукционда 6 млн теңгеге сатылды. Бұл нәтижелер асыл тұқымды малдың құны тек тірі салмағымен өлшенбейтінін аңғартады. Тұқымдық ерекшеліктері, шығу тегі және селекциялық жетістігі малдың нарықтық құнына ықпал ететінін көрсетеді.

Жайылымды басқарудағы жаңа тәсіл
Шаруашылықтың назар аударатын ерекшеліктерінің бірі – жайылымын австралиялық тәсілге көшіргені. Мұнда малды белгілі бір аумақта ұстау үшін электр қоршаулар мен шарнирлі торлар қолданылған. Қоршалған жайылымдарының жалпы аумағы шамамен 3 мың гектарға жуықтайды. Бұл аумақ өзгелер ойлағандай жазық жерлер ғана емес. Тауыл, қыратты аумақтарды да қоршап, жайылымды тиімді игерудің үлгісін көрсетіп отыр. Мұндай жүйе малдың бақылауға және күнделікті жұмыс процесін жеңілдетуге жол ашады.
Келесі маңызды шешім – күн энергиясымен жұмыс істейтін су шығару жүйесі. Күн панельдерінен қуат алатын сорғы күн шыққанда автоматты түрде іске қосылып, тереңдегі суды тартады. Соның арқасында қоршалған жайылымдардағы мал күні бойы минералға бай таза сумен қамтамасыз етіледі. Мұндай суды ішкен малдың күйі жақсы, денсаулығы мықты, еті дәмді болады.
Шаруашылықта дәстүрлі қақпалардың орнына «Техас қақпалары» орнатылған. Бұл қақпадан көлік тоқтамай еркін өте береді, бірақ мал жайылым аумағынан шығып кете алмайды.

«Дәурен» шаруа қожалығының алдағы даму жоспарларының бірі – жайылымдарды кезең-кезеңімен жақсарту және ауыспалы жайылым жүйесін енгізу. Ауыспалы жайылым жүйесінің негізгі мәні – малды бірнеше учаскеге кезекпен жіберіп, пайдаланылған аумақтың қайта қалпына келуіне жағдай жасау. Бұл тәсіл дұрыс жоспарланған жағдайда өсімдік жамылғысын сақтайды, жайылымның тақырланып кетпеуін реттеуге және мал азығы базасының тұрақтылығын арттыруға көмектеседі. Алайда жүйенің нәтижесі жердің табиғи жағдайына, мал санына, жауын-шашынға және жайылымның қалпына келу мерзіміне байланысты. Сондықтан қоршау салумен қатар, әр учаскенің өнімділігін бақылау да маңызды.
Шаруашылық алдағы жылдары көпжылдық шөп егу, жайылымдарды түбегейлі жақсарту, ағаш отырғызу және табиғи су көздерін қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.
Бұл тәжірибені облыстың басқа шаруашылықтары жүзеге асыратын болса ұтатын тұстары көп болары сөзсіз. Жоғарыда аталған жүйе мал шаруашылығын дамытуға, жайылымды тиімді пайдалануға, малды түрлі аурулардан қорғауға және тағы басқа да толып жатқан көрсеткіштерге жетуге ықпал етіп, жемісті еңбек етуге жетелейді.
Сурет: «Дәурен» ШҚ








