Қоғамдық орындардың тазалығы әр адамның қарапайым әрекетінен басталады. Алайда жерге тасталған темекі тұқылы жай ғана ұсақ-түйек емес, бұл – айналадағы адамдарға және өзіміз өмір сүріп жатқан ортаға деген құрметсіздіктің көрінісі.
Талдықорған қаласында полицияның Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары қоғамдық орынды ластаудың кезекті дерегін тіркеді. 43 жастағы жергілікті тұрғын тазалық пен тәртіптің қарапайым талаптарын елемей, темекі тұқылын жерге тастаған.
Енді ер адамға сот шешімімен он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе қырық сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қолданылуы мүмкін.
Қоғамдық орындар қоқыс тастайтын жер емес екенін әркім түсінуі тиіс. Тротуарға, аулаға немесе көшеге тасталған әрбір темекі тұқылы қоршаған ортаны ластап қана қоймай, өзіміз тұратын қаланың келбетіне де кері әсерін тигізеді.
Тазалық пен тәртіпті сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі біз өмір сүріп жатқан жер – келер ұрпаққа қалдыратын аманатымыз. Оны сақтау қарапайым әрекеттерден басталады: қоқысты арнайы жәшікке тастау және көшелеріміздің тазалығын қамтамасыз етіп жүрген жандардың еңбегін құрметтеу.









