Ақмолалық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануда. Бағдарлама ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға ғана емес, қолданыстағы шаруашылығын кеңейтуге де мүмкіндік береді. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – мал шаруашылығын дамыту.
Соның бір мысалы – Жарқайың ауданына қарасты Донское ауылының тұрғыны Мереке Исмагулов. Ол ірі қара мал басын көбейту үшін 10,8 млн теңге көлемінде несие алып, 18 бас ірі қара сатып алған.
«Бірнеше жылдан бері ет сатумен айналысып келемін. Енді өз шаруашылығымды дамытып, мал басын көбейтуді жоспарлап отырмын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы маған осындай мүмкіндік берді», – деді кәсіпкер.
«Ауданымызда мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ауылдық кәсіпкерліктің басқа да бағыттары сұранысқа ие. Біз кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсетіп, жобаларын жүзеге асыруға жан-жақты көмек беруді жалғастырып келеміз. Қазіргі уақытта бағдарлама аясында тағы 5 жоба бойынша оң қорытынды күтілуде», – деді Жарқайың ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Біржан Хасенеев.
Ауданда мемлекеттік қолдау шараларына деген қызығушылық жоғары. «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында Жарқайың ауданы бойынша жалпы сомасы шамамен 5 млрд теңгені құрайтын 10 өтінім берілген.
Соңғы екі жылда ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 83 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның 85 пайыздан астамы жеңілдетілген қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламалары арқылы алынған.









