Көкшетауда 2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында Астанада алғаш рет өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатына арналған ROAD TO ASTANA 2027 халықаралық фестивалі өтті. Іс-шараның басты оқиғасы — Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) ел өңірлерін аралап жүрген ресми туын таныстыру рәсімі болды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін кәсіби спортшылардың шеберлік сабақтары, көрсетілім ойындары, үстел теннисін еркін ойнауға арналған үстелдер мен интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев әлемдік деңгейдегі спорттық дода қарсаңында өңірдің осы жобаның бір бөлігі болуы үлкен мәртебе екенін атап өтті.
«Ақмола облысы үшін әлем чемпионатының ресми туын қарсы алып, ROAD TO ASTANA 2027 жобасына қатысу — үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мен халықтың дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Алдағы әлем чемпионаты үстел теннисіне деген қызығушылықты арттырып, осындай іс-шаралар өңірімізде осы спорт түрінің дамуына тың серпін береді деп сенемін.
Бүгінде Ақмола облысындағы 18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 1 500-ден астам адам үстел теннисімен тұрақты түрде айналысады. Олардың дайындығын 54 білікті жаттықтырушы қамтамасыз етеді. Біздің міндетіміз — балалар мен жастардың спортпен айналысуына, өз қабілеттерін шыңдап, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне қажетті жағдай жасау», — деп атап өтті Досұлан Айтбаев.
Көкшетау Өскеменнен кейін жоба аясындағы сапардың келесі бағыты болды. Өңірде ресми тудың «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын қоса алғанда, көрікті табиғи орындарда түсірілім жұмыстары жүргізілді. Бұл кадрлар Қазақстан бойынша тудың сапары, еліміздің табиғаты, мәдениеті және өңір тұрғындары, сондай-ақ әлем чемпионатына дайындық туралы бейнероликтер топтамасына енеді.
ROAD TO ASTANA 2027 жобасы Қазақстанның өңірлерін қамтиды. Әр қалада ресми туды таныстыру рәсімдері мен үстел теннисі фестивальдері өткізіліп, түсірілім тобы көрермендерді жергілікті спортшылармен және көрікті жерлермен таныстырады.
Ел өңірлерін аралап шыққан ресми ту Астанаға оралады. 2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында елордада үстел теннисінен ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 әлем чемпионаты өтеді.









