Жаңа өндіріс орындары, жолдар мен тұрғын үйлер: бір аптада Қазақстан өңірлерінде қандай нысандар ашылды

    Еліміздің өңірлерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіпті дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тапсырмаларын жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен аптада бірнеше облыста жаңа өндіріс орындары іске қосылып, республикалық маңызы бар автомобиль жолын жаңғырту жұмыстары аяқталды, тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымы кеңейтіліп, қоғамдық орындар абаттандырылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

    Өнеркәсіп және өңдеу

    Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Екпінді ауылында айына 1,8 мың тоннаға дейін өсімдік майын өндіретін кәсіпорын іске қосылды. «New Silver Central Asia Grain & Oil» ЖШС-нің жобасында жергілікті өндірушілер ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейді. Инвестиция көлемі 61 млн теңгеден асып жығылды, тұрақты жұмыс орындары ашылды. Жаңа өндіріс майлы дақылдарды өңдеу көлемін ұлғайтып, жергілікті шаруалар үшін қосымша өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Алматы облысының Іле ауданына қарасты М.Түймебаев ауылында жылына 400 тоннаға дейін балық өндіруге есептелген «Бақыт» балық өсіру кәсіпорны ашылды. Инвестиция көлемі 500 млн теңгені құрады. Шаруашылық арнайы торлы қоршауларда балық өсірумен қатар, балық шаруашылығына арналған торлы құрылымдар мен қосалқы бөлшектер шығарады. Кәсіпорын қазірдің өзінде 100 тоннадан астам балық өндіріп отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін жылына 400 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Өнім Қазақстанның алты өңіріндегі шаруашылықтарға жеткізіледі. Өндірісті кеңейтіп, жұмыс орындарының санын 15-тен 45–50-ге дейін арттыру көзделген.

    Абай облысының Семей қаласында «Техноавиа – Қазақстан» компаниясы арнайы аяқ киім өндірісін іске қосты. Жаңа өндіріс жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның базасында ашылды. Мұнда 2023 жылдан бері арнайы және корпоративтік киім шығарылады. Тігін өндірісінің қуаты жылына 160 мың бұйымды құрайды, өнімнің шамамен 85%-ы экспортқа жөнелтіледі. Жаңа аяқ киім фабрикасында 30-дан астам жұмыс орны ашылды. Компания фирмалық сауда нүктесін де ашып, өңірдің алты ірі кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

    Көлік инфрақұрылымы

    Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автомобиль жолының 437–450 шақырым аралығындағы 13 шақырымдық учаскесін жаңғырту аяқталды. Жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асырылды. Жаңартылған учаскеге жаңа асфальт төселіп, 17 су бұру науасы мен үш су өткізгіш құбыр салынды, жол қауіпсіздігі элементтері орнатылды. Жаңғырту жұмыстары Катонқарағай ауданы елді мекендерінің көлік қатынасын жақсартып, Шығыс Қазақстанның туристік нысандарына жетуді жеңілдетеді.

    Тұрғын үй құрылысы және баспанамен қамту

    Қызылорда қаласында Сырдарияның сол жағалауында жалпы ауданы 12 мың шаршы метр болатын, 168 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Пәтер кілттері баспана кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Соңғы төрт жылда өңірде кезекте тұрған азаматтарға 7,5 мыңнан астам пәтер беріліп, 30 мыңнан астам адамның тұрғын үй жағдайы жақсарды. 2026 жылдың соңына дейін тағы 2 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

    Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында 72 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар үшін үш қабатты екі тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін өңірде осы санаттағы баспана кезегінде тұрған азаматтардың жартысын тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.

    Шымкент қаласының Бозарық, Ақжайық және Асар-2 шағынаудандарында тағы 30 отбасыға пәтер кілті табысталды. Баспананы «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларының қатысушылары алды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.

    Спорт инфрақұрылымы және абаттандыру

    Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылында ауданы 2 мың шаршы метрден асатын спорт кешені ашылды. Нысанда ойын спорт түрлеріне, боксқа, күреске және жалпы дене дайындығына арналған төрт мамандандырылған зал бар. Мұнда бір мезгілде 80 бала жаттыға алады. Жалпы, 300-ге жуық жасөспірімді спортпен қамту жоспарланған. Облыс құрылғаннан бері өңірде 40 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді, оның жетеуі Алакөл ауданында орналасқан.

    Түркістан облысының Созақ ауданына қарасты Жуантөбе ауылында жаңа спорт кешені ашылды. Ғимаратта бокс және күрес залдары, жаттығу залы, медициналық кабинет пен жаттықтырушыларға арналған бөлмелер бар. Нысанның құрылысы 2026 жылдың мамырында басталып, облыстық және аудандық бюджет қаражаты есебінен жүргізілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысы Қостанай ауданы Мичурин ауылдық әкімшілігі" жаңалықтары