Соңғы уақытта тұрғын үйлердің маңында түнгі уақытта қатты музыкамен отшашу атып, туған күн иелерін құттықтау дәстүрге айналып барады. Бұл автокөлік дабылдарының жаппай іске қосылуына әкеліп, тұрғындардың орынды наразылығын тудырады.
Елорда прокуратурасы осы мәселе бойынша қағидатты ұстаным қалыптастырып, құқық бұзушыларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауаптылыққа тарту тәжірибесін енгізді.
Қазірдің өзінде 26 құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Олардың 19-ы 10 тәулікке дейін қамауға алынды, 14 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған 6 әйелге, сондай-ақ 1 кәмелетке толмағанға айыппұл салынды.
Түнгі уақытта, адамдар арасында, тұрғын үйлердің немесе автокөліктердің маңында пиротехниканы іске қосу адамдардың өміріне, өрт қауіпсіздігіне, денсаулығына және мүлкіне тікелей қауіп төндіреді.
Елорда прокуратурасы азаматтарды өзгенің тыныштығын құрметтеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады.
Астана қаласының прокуратурасы




