Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 8-9 қазан күндері барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізудің ерекшеліктеріне арналған екі күндік республикалық семинар өткізді.
Іс-шараға астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ қалалар мен аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының тұрақты мүшелері қатысты.
Семинардың басты мақсаты - АСК мүшелерінің сайлау науқаны кезеңінде өз өкілеттіктерін тиімді жүзеге асыруға практикалық дайындығын қамтамасыз ету және төмен тұрған сайлау комиссияларының мүшелерін одан әрі оқытуда бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру.
Семинарды ашқан Ортсайлауком хатшысы Ш. Өтемісов алдағы электоральдық науқан сайлау заңнамасы нормаларын біркелкі түсінуді, комиссиялар жұмысын нақты ұйымдастыруды және барлық сайлау рәсімдерінің сапалы орындалуын талап ететінін атап өтті.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен ОСК аппаратының қызметкерлері тақырыптық дәрістер оқып, тренингтер өткізді. Олар сайлау процесінің негізгі ұйымдастырушылық және практикалық аспектілерін жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, электоралдық процестерді ұйымдастыру, сайлауды қаржыландыру, сайлау процесіне қатысушыларды ақпараттандыру, сайлау алдындағы үгітті жүргізу және байқау, сондай-ақ сайлау заңнамасын қолдану мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылды.
Семинардың едәуір бөлігі практикалық сабақтарға арналды. Оның барысында өткен электоралдық науқандардың нақты кейстері талданды. Аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты жауаптар алды.
Семинар бағдарламасында өңірлік тәжірибе алмасуға ерекше ден қойылды. Семинардың екінші күні Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері қатысушыларға электоралдық оқыту саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, дауыс беру күні сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша өз тәжірибелерін ұсынды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының лекторы Р. Токатов семинарға қатысушыларға коммуникативтік дағдыларды дамыту бойынша тренинг өткізді.








