Жылыту маусымына дайындық бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді
2026 жылғы 7-8 қазан күндері Үшарал қаласында жылыту маусымына дайындық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Іс-шараға төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, Үшарал қалалық округінің әкімі А.Абишев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Е. Тұрғанов және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Жұмыс барысында Үшарал қаласындағы әлеуметтік осал санатқа жататын отбасылардың, атап айтқанда, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың тұрғын үйлері араланып, олардың жылыту маусымына дайындығы тексерілді.
Жалпы 28 тұрғын үйде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 16 үй – көпбалалы отбасыларға, 12 үй – аз қамтылған отбасыларға тиесілі.
Тұрғындарға жылыту пештері мен жылыту жүйелерін қауіпсіз пайдалану, электр желілеріне түсетін жүктемені бақылау, ақаулы электр құралдарын пайдаланбау, мұржалар мен түтін шығатын жолдардың жарамдылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 28 тұрғын үйге улы газды анықтайтын 28 дана датчик орнатылды.
Қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі. Жылыту маусымында сақтық шараларын қатаң сақтап, өзіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыздар!








