Түрікменстан, Аваза
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, саммитті ойдағыдай ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.
– Қазақстан Түрікменстанның Ұйымға төрағалық жасаған кезеңінің нәтижелерін және ТМД-ның ортақ күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалайды. Осыған орай, құрметті әріптес, Сіздің жоғары кәсіби деңгейдегі жұмысыңызға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі саммит Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Ұйымның бастауында тұрды. 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы шын мәнінде мемлекеттеріміздің тарихындағы бетбұрысты сәт болды. ТМД-ның құрылуы посткеңестік кеңістіктегі жаппай қақтығыстың алдын алды. ТМД-ның біріктіруші миссиясы елдеріміз тәуелсіздік алған кезеңде айқын көрінді десек, артық айтқанымыз емес. Одақ құрамындағы елдер ірге бөлген күрделі сәтте тарихи байланыстарымызды сақтап, мемлекетаралық ықпалдастықтың мүлдем жаңа форматын құрдық. Осы жылдарда Достастық ұйымы сенім мен ынтымақтастықты дәріптейтін тиімді көпжақты тетік ретінде бүкіл әлемге кеңінен танылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ТМД-ның ең үлкен байлығы – халықтар достастығы, ортақ мәдени және рухани мұра екеніне назар аударды.
– Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа құрылымы қалыптасып келеді. Жаһандық экономикалық байланыстар жүйесі күйрей бастады. Технологиялық бәсеке күшейді, белгісіздік белең алып, алдағыны болжау қиындай түсті. Мұндай жағдайда тікелей және сенімді диалог өрбітіп, әр мемлекеттің мүддесін ескеретін ортақ шешім табу ерекше маңызды. Достастықтың ұдайы сұранысқа ие ұйым болуының бірден-бір себебі осы деп ойлаймын. Мерейлі жылда Алматы декларациясындағы қағидаттарға тағы бір назар аударып, жүріп өткен жолымызды қайта зерделеуді және келешек міндеттерді айқындауды ұсынамын. Қараша айында Алматыда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен аталған тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толуына орай халықаралық конференция өтеді. ТМД мемлекеттерінің ғалымдарын, құқықтанушыларын, тарихшылары мен сарапшыларын конференция жұмысына белсенді түрде қатысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа тарихи меже алдындағы ортақ міндет – Достастықтың халықаралық беделді ұйым ретіндегі әлеуетін күшейтіп, жаңа геосаяси жағдайға бейімдеу. Бұдан кейін Президент басты ықпалдастық бағыттарына тоқталды. Ең әуелі, ТМД-ның ұзақмерзімді басымдықтарын белгілеу қажет.
– Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан көбіне бір-бірімен сәйкеспейді. Олардың бәрін біріктіріп, өзара байланысты біртұтас жүйе түзген жөн. Келешекте Достастықтың қандай болғанын қалаймыз? Еуразиядағы геосаяси архитектура жылдам өзгеріп жатқан кезеңде оның орны қандай болмақ? ТМД-ға мүше мемлекеттер осы сауалдардың нақты жауабын табуымыз қажет. Сондықтан Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, экономикалық ықпалдастықты тереңдету және индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдіру ерекше маңызға ие. Бұл ретте ол Қазақстан ТМД елдерінің нарығына әдеттегідей басымдық беретінін айтты – еліміздің сыртқы сауда айналымының ширегінен астамы Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесінде.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерімен сауда айналымы 40 миллиард долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10 пайызға өсті. Бірлескен өндірістер ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 миллиард доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан бір мезгілде Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен арадағы шекара маңында индустриялық-сауда орталықтарының желісін құрып жатыр. Өнеркәсіп және сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында құқықтық база жасалды.
– ТМД кеңістігінің біраз бөлігінде іскерлік байланыстарды дамытуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Енді осы әлеуетті барынша ұтымды пайдалану керек. Басқаша айтқанда, өзара сауда-саттықтағы негізсіз, қолдан жасалған кедергілерден арылған жөн. Қызметтер нарығын кеңейтіп, инвестицияға қолайлы жағдай жасау қажет. Достастық аясында бірлескен ірі бастамаларды жүзеге асыру аталған жұмыстың қисынды жалғасы болуға тиіс. Осы орайда, ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынамын. Менің ойымша, қосылған құны жоғары өнім өндірісіне баса мән берген дұрыс. Бұл экономикаға серпін беретін жаңа нысандарды құруға септігін тигізеді. Сонымен қатар Қазақстан осы міндеттердің күрделі екенін ескере отырып, экономикалық саладағы артықшылықтары мен жетістіктерін тиімді пайдалану мүмкіндігінен бас тартпайды және прагматикалық ұстанымында қала береді. Аталған іске даму институттары, қаржы ұйымдары және бизнес атсалысуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көлік байланысын дамыту және транзит әлеуетін нығайту ынтымақтастықты кеңейтетін тағы бір перспективті бағыт ретінде аталды.
– Қазақстан үшін Солтүстік – Оңтүстік, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәліздері, сондай-ақ Транскаспий бағыты басты күре жолдар саналады. Оларды бір-бірімен үйлесімді ұштастыра білсек, құрлық арқылы жүк тасымалының тиімділігі айтарлықтай артады. ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағы арқылы өтетін басты көлік жолдарын ұштастыру тұжырымдамасы осы мақсатқа қызмет етпек. Аталған құжат биыл мамыр айында еліміздің бастамасымен қабылданған еді. Қазақстан осы тұжырымдаманы жүзеге асыруға нақты үлес қосуда. Тамыз айында жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Аталған стратегиялық жоба пайдалануға берілген кезде Қытайдан Еуропаға дейінгі автожол шамамен мың шақырымға, ал транзит жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін қысқарады. Басқа да ірі жобалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл ретте «Жұмсақ инфрақұрылым», яғни жүк тасымалын цифрландыру, электронды құжат айналымы және шекарадағы рәсімдердің үйлесімділігі зор рөл атқарады. Басты мақсат – «Бірыңғай цифрлық дәліз» қалыптастыру. Біздің ұсынысымыз бойынша Өзбекстанмен және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электронды форматта алмасу жолға қойылды. Ресей және Беларусь елдерімен де дәл осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресей тарапымен бірлесіп биыл мамыр аясында жүргізушісіз жүк көліктерімен алғашқы трансшекаралық жүк тасымалы ұйымдастырылды. Анағұрлым тиімді шешімдерді ТМД аумағында жаппай тарату қажет деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент цифрландыру рөлі артып, жасанды интеллектіні немесе суперинтеллектіні қолдану аясы кеңейіп келе жатқанына назар аударды. Оның пайымдауынша, жаңа технологияларды игеріп, төл әзірлемелерін енгізу ТМД елдері экономикасының бәсекеге қабілетін айқындайтын негізгі фактор болмақ. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект стратегиясы, заңнама, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тәжірибе алмасатын тұрақты механизм қалыптастыру бастамасын көтерді. Оған ғылыми орталықтар, университеттер, компаниялар мен стартаптар қатыса алады. Сондай-ақ Президент келесі жылдың алғашқы тоқсанында Астанада ЖИ саласы мамандарының ТМД аясындағы арнайы форумын өткізуді ұсынды.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтудің маңызына тоқталды. Өйткені адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынас, өзара сенім, ұқсас менталитет, сондай-ақ орыс тілі ТМД-ның бірегей сипатын паш ететін ерекшеліктер саналады.
– Қазақстанның ұсынысымен ТМД мемлекеттері басшыларының мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемесі қабылданды. Тамыз айында тұңғыш рет Астанада ТМД волонтерлер форумы өтті. Осы арада волонтерлік ұғымы немесе ізгі істер саясаты жаңа Конституциямызда көрініс тапқанын атап өткім келеді. Яғни волонтерлер конституциялық мәртебеге ие болды, соған сәйкес олардың қызметіне ерекше қамқорлық көрсетіледі. Бастамаларымызға әрдайым қолдау білдіретін әріптестеріме және ТМД елдері үкіметтерінің басшыларына алғыс айтамын. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынаста орыс тілінің атқаратын рөлін атап өткен маңызды. Орыс тілі өзара түсінісуге, білім беру, ғылым салаларындағы серіктестік пен адамдар арасындағы байланыстың кеңеюіне ықпал етуде. Бұл айдан анық дүние. Сондықтан қадірлі әріптестерімді Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметін қолдауға шақырамын. Дүние жүзінде орыс тілін әр түрлі деңгейде меңгерген 300 миллионға жуық халық бар. Сондықтан аталған ұйымның келешегі жарқын. Мен бұған сенімдімін. Сонымен қатар ТМД елдерінің тілдері мен мәдени әралуандығын көздің қарашығындай сақтап, бүкіл халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау аса маңызды. Бізге халықтарымыздың достығына арқау болатын жаңа ынтымақтастық жолдарын іздеу қажет. Жастардың оқуға құштарлығына қолдау білдіру өте өзекті. Себебі артық білім – кітапта. Кітап оқыған адам ғана білімді, парасатты тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орнын табады. Интернет үстемдік құрған, TikTok-менталитеті секілді құбылыс пайда болып, жастардың мінез-құлқы өзгерген заманда бұған мән бермесе болмайды. Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленді. «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы іске асырылып жатыр. Осы идеяны әрі қарай өрбітіп, халықтарымыздың әдеби жауһарларынан құралған «ТМД кітапханасының алтын қорын» жасауды ұсынамын. Аталған қорды құрылысы келесі жылдың орта шенінде аяқталатын Астанадағы Президент кітапханасында орналастыруға болар еді. Жоба аясында кәсіби аударманы да қамтып, көпшілік еркін пайдаланатын цифрлық кітапхана жасақтауға болады. Үздік әдеби шығармаларды насихаттау арқылы Достастық халықтарының тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын зерделеу мүмкіндігі жастарымыздың өзара түсіністігіне жол ашатыны, ең бастысы, қазіргі құбылмалы заманда ынтымағымызды нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Достастықтың халықаралық байланысын кеңейту қажет деп санайды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ұсынысымен ТМД жанынан Байқаушылар және Серіктестер институты құрылғанын еске салды.
– Осы бастаманың желісімен «ТМД плюс» форматы пайда болды. Ендігі қадам – алғашқы «ТМД плюс» саммитін ұйымдастыру деп ойлаймын. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесу ықпалдастық географиясын кеңейтіп, еуразиялық ауқымдағы ашық әрі сұранысқа ие алаң ретінде Ұйымның рөлін күшейтеді. Қазақстан конструктивті ұстанымға сай Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру бойынша ортақ жұмысқа атсалысуға ниетті. Аталған құжаттың сипаты жағымды, конфронтациялық мазмұннан ада болғаны жөн, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөз соңында 35 жыл ішінде Достастық ұйымы мемлекеттер мен халықтар өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Өзбекстанға сәттілік тіледі.
Жиында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.















