5-8 қазан аралығында Түркістанда ТҮРКСОЙ халықаралық студенттік театр фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркияның шығармашылық ұжымдары қатысты.
Төрт күн бойы жас өнерпаздар өз қойылымдарын ұсынып, актерлік шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар түркі елдерінің сахна өнеріндегі ерекшеліктермен танысып, кәсіби тәжірибе алмасты.
Фестиваль қорытындысында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері «Үздік классикалық спектакль» аталымында жеңімпаз атанды. Қазылар алқасы Мұхтар Әуезовтің пьесасы негізінде сахналанған «Қарагөз» қойылымын жоғары бағалады.
Спектакльді «Драма театры және кино артисі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері сахналады. Қоюшы режиссері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі








