Арменияның Ұлттық кітапханасында «Тұрақты болашақ үшін мұраны сақтау» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға ҚР Ұлттық кітапханасының, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының және ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің басшылары қатысты.
Конференция барысында ұлттық жазба мұраны сақтау, кітапхана қорларын цифрландыру, мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау және кітапханалардағы деректің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Ұлттық мұраны сақтау және насихаттау: ТМД елдерінің кітапханалары» секциясында қазақстандық делегация ҚР Ұлттық кітапханасының қорында сақталған көне славян жазба мұраларын зерттеу және сақтау жөніндегі тәжірибесін таныстырды.
Сонымен қатар халықаралық сарапшылар кітапхана және архив ісіндегі заманауи әдістерге арналған шеберлік сабақтарын өткізді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі







