Көксу ауданындағы Жамбыл орта мектебінің «Жас сақшы» кадеттері үшін полиция қызметімен және өңірдің құқық қорғау жүйесінің тарихымен таныстыру мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Алдымен оқушылар Кинологиялық қызмет орталығына барып, полиция кинологтары мен олардың төрт аяқты серіктерінің жұмысымен танысты. Кейін Жедел басқару орталығында болып, бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктері мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі заманауи технологиялардың рөлі туралы мәлімет алды.
Экскурсияның соңғы кезеңінде кадеттер милиция генерал-майоры Әбдіқадыр Болсамбеков атындағы Жетісу облысы Полиция департаментінің музейін аралады. Музей меңгерушісі, аты аңызға айналған генералдың қызы Мадина Болсамбекова оқушыларға өңір полициясының тарихы, өткен жылдардағы ержүрек қызметкерлер мен бүгінгі тәртіп сақшылары туралы әңгімелеп берді. Балалар музейдегі марапаттарды, салтанатты қызметтік киім үлгілерін және бірегей мұрағат материалдарын тамашалады.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл орта мектебінде Көксу ауданындағы алғашқы «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылып, оған 7-сыныптың 18 оқушысы қабылданған болатын.
Жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, тәртіп, жауапкершілік және заңға құрмет сезімін қалыптастыру.
Мұндай кездесулер оқушылардың полиция мамандығына деген қызығушылығын арттырып, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді.









