Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті·Жаңалықтар мұрағаты
ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДІҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері әлеуметтік төлемдерді ұсыну кезінде азаматтардың әлеуметтік мұқтаждығын бағалау қағидатын қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – 2027 жылдан бастап енгізілуі көзделген жаңа тәсілдің ерекшеліктерін түсіндіру, әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі туралы ақпарат беру және тұрғындардың сұрақтарына жауап беру.
Кездесу барысында азаматтардың әлеуметтік жағдайын бағалау, оларды әлеуметтік А, В және С санаттарына бөлу тәртібі, сондай-ақ әр санатқа жатқызу кезінде ескерілетін талаптар кеңінен талқыланды.
Департамент өкілі әлеуметтік мұқтаждықты бағалау кезінде азаматтардың нақты жағдайын ескеру қажеттігіне тоқталып, әлеуметтік төлемдерді ұсынуда белгіленген талаптар мен өлшемдердің маңыздылығын түсіндірді.
Жаңа қағидат әлеуметтік қолдау шараларын жүйелеуге, азаматтардың қажеттіліктерін нақтылауға және мемлекеттік көмекті нысаналы түрде ұсынуға бағытталған.
Жиын соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті түсініктемелер алды.
Департамент әлеуметтік қорғау саласындағы өзгерістер туралы халықты ақпараттандыру және қолданыстағы талаптарды түсіндіру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.









