Түркістан облысында полицейлер дрондарды пайдалануды меңгеруде.
ҚР ІІМ-нің цифрлық шешімдерін қызметте тиімді пайдалану мақсатында Түркістан облысы полиция департаментінде бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – полиция қызметкерлерін ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) қолдануға үйрету.
Жедел-криминалистикалық басқарманың ұйымдастыруымен аудандық криминалистика бөлімшелерінің, сондай-ақ әкімшілік полиция және жедел басқару орталығының қызметкерлеріне арналған оқу-жаттығу сабағы өткізілді.
Сабақ барысында тәртіп сақшыларына дрондардың негізгі техникалық мүмкіндіктері мен басқару тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар әуеден фото және бейнетүсірілім жүргізу, оқиға орнын жоғарыдан шолу, алынған материалдарды криминалистикалық мақсатта пайдалану тәсілдері көрсетілді.
Қызметкерлерге ұшқышсыз ұшу аппараттарын қауіпсіз пайдалану, ұшу алдында техникалық тексеру жүргізу және оларды нақты қызметтік міндеттерді орындау кезінде тиімді қолдану бойынша практикалық дағдылар үйретілді.
Заманауи технологияларды полиция қызметіне енгізу жедел жағдайды бақылау, оқиға орнын жан-жақты зерделеу және қажетті ақпаратты жедел жинау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.








