
Облыс әкімі Болат Ақшолақовтың өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Құрманғазы ауданының әкімі болып Нұрсұлтан Бисембиев тағайындалды.
Өңір басшысы аудан активімен кездесуде бұған дейін осы қызметті атқарып келген Абат Жанғалиевке Құрманғазы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін алғыс айтып, алдағы жұмысына табыс тіледі.
Нұрсұлтан Бисембиев “есепші-аудитор” және “экономист” мамандықтары бойынша білім алған.
2013-2017 жылдар аралығында Атырау облыстық тексеру комиссиясында оператордан бас инспектор-бақылаушыға дейінгі түрлі лауазымда еңбек етті.
2017 жылғы мамырда Атырау облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалып, 2017 жылғы қазаннан бастап өңірдің қаржы басқармасын басқарды.
2019 жылғы қарашадан 2022 жылғы тамызға дейін Қызылқоға ауданының әкімі қызметін атқарды.
2022–2024 жылдары Атырау облысы әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2024 жылғы 31 мамырдан бастап Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі болды.
Аймақ әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің ісіне сәттілік тілеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндет жүктеді. Олардың қатарында халықты жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жылу беру науқанына дайындық, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамыту мәселелері бар.
Облыс басшысы бұл міндеттерді аудан халқымен және аудандық мәслихат депутаттарымен тығыз қарым-қатынаста іске асыруды тапсырды.









