
Қазақстанда аудандық ветеринариялық зертханалар желісі жүйелі дамып келеді. Соңғы үш жылда төрт нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Қарағанды облысында жаңадан ашылған аудандық ветеринариялық зертхана да бар, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Қарқаралы ауданында «Республикалық ветеринариялық зертхана» мекемесінің аудандық ветеринариялық зертханасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Мұнда жылына 800 мыңға дейін зерттеу жүргізуге болады.
Жаңа зертхана ветеринариялық зерттеулердің кең ауқымын жүргізуге арналған заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл диагностиканың жеделдігі мен сапасын арттыруға, зерттеудің қосымша әдістерін енгізуге, сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық сараптама бағытын дамытуға жол ашады.
Сондай-ақ, жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алуға және оларды ерте анықтау жұмыстарын күшейтуге, қажетті зерттеулерді жедел жүргізуге және ветеринариялық-санитариялық шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік зор. Заманауи зертханалық база жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін бақылауды да кеңейтеді.
Ветеринариялық зертханалық инфрақұрылымды дамыту – ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары аясында зертханаларды жаңғыртуға, диагностиканың сапасын арттыруға және ветеринариялық бақылау жолдарын арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда.
2024 жылы Павлодар облысындағы Екібастұз және Абай облысындағы Абай аудандық ветеринариялық зертханалары іске қосылды. Биыл Ақтөбе облысындағы Байғанин аудандық ветеринариялық зертханасы жұмысы жолға қойылады. Қарқаралы ауданындағы нысанмен қосқанда соңғы үш жылда іске қосылған жаңа аудандық ветеринариялық зертханалардың жалпы саны төртке жетті.
Зертханалар желісін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Аудандық ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2026–2027 жылдары Алматы облысындағы Нарынқол, Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай, сондай-ақ Абай облысындағы Ақсуат аудандық ветеринариялық зертханаларын іске қосу жоспарлануда.








