Енді емхананы ауыстыру үшін күзді күтудің қажеті жоқ. Азаматтар жыл бойы кез келген уақытта басқа емханаға тіркеле алады. Алайда емхананы жылына бір реттен артық ауыстыруға болмайды.
Кім және қалай тіркеле алады?
Көпшілік азаматтар тұрақты немесе уақытша тіркелген мекенжайы бойынша, сол аумақта қызмет көрсететін емханаға тіркеледі.
Жаңа емханаға тіркелген кезде бұрынғы емханадан шығу автоматты түрде жүзеге асырылады.
18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және босанған әйелдер тіркеуде тұрған мекенжайына қарамастан, нақты тұратын жері бойынша емханаға тіркеле алады.
Егер бала мен ата-анасы әртүрлі емханаларға тіркелген болса, ата-ана баласы тіркелген емханаға ауыса алады. Қалауы бойынша сол емханадағы бала тіркелген учаскені де таңдай алады.
Мүгедектігі бар азаматтарға да тіркелудің ыңғайлы жолдары қарастырылған. II және III топтағы азаматтар өтінішті eGov арқылы онлайн бере алады. Ал I топтағы азаматтар емханаға жеке барып тіркеле алады.
Кәмелетке толған студенттер оқу немесе тұрғылықты жеріне жақын емхананы таңдай алады. Бұл ретте медициналық ұйымның аумақтық қолжетімділігі ескеріледі.
Шетел азаматтарын тіркеу тәртібі олардың мәртебесіне және медициналық көмек алу құқығына байланысты.
Емханаға тіркелу үшін өтінішті eGov арқылы онлайн беруге немесе заңда көзделген жағдайларда емханаға тікелей жүгінуге болады.
Ең бастысы — енді емхана ауыстыру үшін күзгі науқанды күтудің қажеті жоқ.
Өзіңізге қолайлы емхананы қолданыстағы талаптарға сәйкес таңдаңыз.
Өз құқығыңызды біліңіз. Денсаулығыңызды күтіңіз!









