
Бүгін Сіздерге қолжетімді орта құру талаптары туралы айтқым келеді. Нысанның қолжетімділігі туралы айтқанда, ғимараттың кіреберісіне пандус немесе тұтқа орнату ғана жеткілікті емес.
Мүгедектігі бар адамның ғимаратқа өз бетінше кіріп, оның ішінде еркін қозғалуы, сондай-ақ қажетті қызметтерді алуы маңызды.
Осыған байланысты Құрылыс кодексіне сәйкес нысанды пайдалануға бергенге дейін халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін нысанның қолжетімділігіне сәйкестігі туралы декларацияға қол қою рәсімінен өту қажет.
Бұл тетік қалай жұмыс істейді?
Нысанның құрылысы немесе қайта жаңартылуы аяқталғаннан кейін «е-Otinish» өтініштердің бірыңғай платформасы арқылы өтінішпен жүгінуі қажет. Өтінішке қажетті құжаттар қоса беріледі.
Департамент мамандары ұсынылған құжаттарды қарап, содан кейін нысандарға барып, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігіне бағалау жүргізеді.
Тек ғимаратқа кіру ғана емес, қозғалыс жолдары, пандустар, көтергіш құрылғылар, санитарлық бөлмелер, навигация және қолжетімділіктің басқа да элементтері тексеріледі. Талаптар сақталған жағдайда қолжетімділік туралы декларацияға келісім беріледі. Ал сәйкессіздіктер анықталған жағдайда бас тарту туралы шешім қабылданады.
Кемшіліктер жойылғаннан кейін өтініш беруші қайта жүгіне алады.
Бүгінгі күні департаментке 30-ға жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде 4 декларация келісілді. 2 нысан бойынша бас тарту туралы шешім қабылданды. 10 өтініш өтініш берушілермен кері қайтарылды, ал 14 өтініш қарау сатысында тұр. Әрбір цифрдың артында нақты нысан және қолжетімділіктің сәйкестігі маңызды болып табылатын адамдар тұр.
Сондықтан біздің міндетіміз тек құжаттарды қарау ғана емес, қолжетімділік талаптарының іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету.Айта кету керек, қолжетімділік нысанның жобалау сатысында қарастырылуы тиіс.









