
Түркістан облысының Арыс қаласында «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және логистика бағытында бірқатар ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жұмыс сапары барысында өндірістік нысандардың құрылыс алаңдарына барып, жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және логистика бағытындағы жобалар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Біз үшін инвестиция көлемімен қатар, өндірістердің нақты іске қосылуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және жергілікті өнімнің қосылған құнын арттыру маңызды. Сондықтан әрбір жобаның жүзеге асырылу барысы тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Компания Арыс қаласындағы 9 гектар аумақта күнбағыс, мақта және мақсары майын өндіретін зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. Инвестициялық құны – 11 млрд теңге. Өндіріс орны тәулігіне 500 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба аясында 150 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Зауыттың құрылысы былтыр басталған. Нысанды келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС 1 гектар жер телімінде автомобиль және теміржол көлігі арқылы жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін логистикалық орталықтың құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаны 2025–2026 жылдары жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық құны – 200 млн теңге. Нысан тәулігіне 2 мың тоннаға дейін жүк қабылдауға қауқарлы. Жоба іске қосылғанда 10 жаңа жұмыс орны ашылады. Орталық автомобиль және теміржол көлігі арқылы жүк тасымалын тиімді ұйымдастырып, өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.
Былтыр аталған компания бұршақ тұқымдас дақылдарды сақтауға арналған қойманы іске қосты. Қойма бір мезетте 6 мың тоннаға дейін өнім сақтауға мүмкіндік береді. Жоба аясында 10 жұмыс орны құрылды.
Ал биыл тауарларды сақтауға арналған қойманы, яғни құрғақ портты іске қосу жоспарланып отыр. Жобаға 2 гектар жер телімі қарастырылып, 1 млрд теңге инвестиция бағытталды. Нысан іске қосылғанда 10 адам жұмыспен қамтылады.
Келесі жылы астық пен силос сақтауға арналған қойманы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын нысан 2 гектар аумақта орналасады. Қойманың жылдық сақтау қуаттылығы 60 мың тоннаға дейін жетеді. Жоба іске қосылғанда 10 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ инвестор биыл 1,5 гектар аумақта асыл тұқымды жылқыларды өсіруге арналған кешенді іске қосуды жоспарлап отыр. Мұнда 30 басқа дейін асыл тұқымды жылқы өсіру көзделген.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жауапты басшыларға инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жалпы, аталған жобалар Арыс қаласының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және логистикалық қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









