
Бүгін Тараз қаласында Жамбыл облыстық қан орталығының ұйымдастыруымен «Өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, трансфузиологияның өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық қатысумен конференция өз жұмысын бастады, деп хабарлайдыbaq-orda.kz.
Іс-шараның ашылуында Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, трансфузиология саласындағы кәсіби тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
– Қан қызметі – ең алдымен пациенттің қауіпсіздігі мен дер кезінде медициналық көмек көрсету. Бүгінде облыстық қан орталығы өңірдегі 26 медициналық ұйымды қан компоненттерімен қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта 9 мыңнан астам трансфузия жасалып, 2 200-ден астам пациентке көмек көрсетілді. Бүгінгі конференция тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және жаңа практикалық шешімдер табуға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді С. Назарбек.
Жиында Қан қызметінің ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығының референс-зертханасының басшысы Динара Садвакасова және медицина ғылымдарының докторы, профессор, Н.И. Пирогов атындағы Ұлттық медициналық-хирургиялық орталықтың трансфузиология және қан құю мәселелері кафедрасының профессоры Сергей Мадзаев сөз сөйледі.
Қатысушыларды Жамбыл облыстық қан орталығының жұмысымен мекеме директоры Гулам Умаров таныстырды.
Конференция жұмысына Қазақстан мен Ресейдің трансфузиология саласындағы жетекші мамандары қатысуда. Олардың қатарында «Гемонетикс» МПАК дәрігер-трансфузиологы Наталья Маслова, Санкт-Петербург қаласындағы қан құю бөлімінің меңгерушісі Елизавета Ким, сондай-ақ Астана, Санкт-Петербург және Жамбыл облысынан келген қан қызметінің мамандары, трансфузиологтар, реаниматологтар мен иммуногематологтар бар.
Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы екі секция бойынша жалғасады. Онда трансфузиология саласының өзекті мәселелері талқыланып, медициналық тәжірибені жетілдіру және халықаралық тәжірибені енгізу бағыттары қарастырылады.







