
«TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан азаматтарға арналған «Кәсіпкерлік негіздері» тақырыбындағы семинар-тренинг аяқталды.
Семинар барысында орталықтың оқыту бөлімінің басшысы Ержан Кангелдиев бизнес бастауға қажетті алғашқы қадамдар мен тиімді бизнес-жоспар әзірлеу жөнінде жан-жақты түсіндірді.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары, гранттар мен жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Бұдан бөлек, қатысушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған практикалық сабақтар ұйымдастырылды.
Семинардың қорытынды жиынында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Бұдан соң семинар-тренингке қатысушылар моноқаладағы танымал «Әлия тәттілері» кондитерлік цехына барып, кәсіп жүргізудің нақты тәжірибесімен танысты.
Тәжірибелік сабақ барысында кәсіп ашуға ниетті азаматтар теориялық білімдерін нақты өндіріс үдерісімен ұштастырып, кәсіпкерліктің күнделікті жұмыс барысын көзбен көрді.
Кәсіпорынның тәжірибелі мамандары кондитерлік өндірістің ерекшеліктерін көрсетіп, өнім дайындау барысымен таныстырды. Сондай-ақ кәсіпті бастау, өндірісті ұйымдастыру және тұтынушылардың сұранысын ескеру бағыттары бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мұндай тағылымды кездесулер кәсіпкерлікке деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, азаматтардың өз кәсібін бастауға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Теория мен тәжірибені ұштастырған семинар-тренинг кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға жаңа идеяларын жүзеге асырып, болашақта өз ісін дамытуға бағыт-бағдар береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі







