
Алматыда қазақстандық «Mugalim» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Іс-шараға фильмнің шығармашылық тобы, отандық кино саласының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, журналистер және блогерлер қатысты.
20 қыркүйекте фильмнің әлемдік премьерасы Сан-Себастьяндағы 74-ші халықаралық кинофестивальдің New Directors байқау бағдарламасына енгізілді. Бұл – А санатындағы ең байырғы халықаралық кинофестивальдердің бірі. «Mugalim» аталған фестивальдің байқау бағдарламасына енген қазақстандық әйел режиссер түсірген алғашқы фильм болды.
«Mugalim» – режиссер Аяна Нұрдинованың алғашқы толықметражды фильмі. Оқиға Балқаш қаласында музыка пәнінен сабақ беретін Жандос есімді мұғалімнің оқиғасын баяндайды. Ұстаздық жолды таңдаған Жандос шәкірттерін жақсы көргенімен, өнер жолына түсуді де армандайды. Алайда үлкен қалаға қоныс аударуға мүмкіндік туған кезде ол арманына жету мен өзі үшін қымбат жандардың жанында қалудың бірін таңдауы керек болады.
Фильм Балқаш қаласында түсірілді. Басты рөлдерді Олжас Дәлелхан, Рүстем Жаныаманов, Шынар Жанысбекова, Ольга Ландина, Гүлнар Дусматова және басқа да актерлер сомдады. Фильмнің продюсері – Аружан Досымқожа, қоюшы операторы – Айгүл Нұрболатова.
Туынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.
Бүгіннен бастап «Mugalim» фильмі Қазақстан кинотеатрларында кең прокатқа шығады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









