ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

    ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫ ТЕКСЕРІЛДІ
    Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Айдос Тоғызбаев қала аумағындағы бірқатар маңызды әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
    Алдымен қала әкімінің орынбасары жақын уақытта пайдалануға беру жоспарланған 80 төсек-орынға арналған жаңа Ана мен бала орталығының құрылысын көрді.
    Заманауи талаптарға сай салынып жатқан екі қабатты нысанда жүктілік патологиясы бөліміне 30, босанғаннан кейінгі бөлімге 50 төсек-орын қарастырылған. Сонымен қатар, орталықта 6 босандыру залы, операция және реанимация залдары, ана мен балаға қажетті барлық жағдай жасалған палаталар болады. Нысан медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
    Бұдан бөлек, Айдос Тоғызбаев жаңа қала аумағындағы Рәміздер алаңының құрылыс жобасымен танысты. Нысан «Астана» саябағын абаттандыру жобасы аясында жүзеге асырылады.
    Жалпы аумағы 20,2 гектарды құрайтын «Астана» саябағында 4 гектар жерге Рәміздер алаңы, 8,9 гектарға саябақ және 7,3 гектар аумаққа аллея орналастыру көзделген.
    Қала әкімінің орынбасары тұрғын үй құрылысы нысандарын да аралады. 7 қабатты 14 тұрғын үйдің қазіргі дайындық деңгейі 80 пайызды құрайды. Келісімшарт талаптарына сәйкес құрылыс жұмыстарын ай соңына дейін аяқтау жоспарланған.
    Сондай-ақ, «Қаратау» тұрғын үй кешенінің құрылысы қаралды. Жоба аясында 5 қабатты 22 тұрғын үй салынып, жалпы саны 880 пәтер пайдалануға беріледі. Бүгінде құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 90 пайызға жеткен. Қазіргі таңда абаттандыру және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары атқарылуда.
    Нысандарды аралау қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз етуді, бекітілген мерзімдерді қатаң сақтауды, анықталған мәселелерді жедел шешуді және нысандарды пайдалануға беруге қажетті жұмыстарды уақытылы аяқтауды тапсырды.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан қаласы әкімінің аппараты" жаңалықтары