Алматыда үш дөңгелекті көліктердің заң талаптарына сай пайдаланылуы тексерілуде

    Алматыда үш дөңгелекті көліктердің заң талаптарына сай пайдаланылуы тексерілуде

    Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және үш дөңгелекті көлік құралдарының жүргізушілері мен иелері тарапынан болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Трицикл» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.

    Іс-шара барысында полиция қызметкерлері үш дөңгелекті көлік құралдарын пайдалану кезінде заң талаптарының сақталуын, қажетті құжаттар мен жүргізуші куәлігінің болуын, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың белгіленген ережелерді сақтауын тексеруде.

    Кезекті рейдтік іс-шара Алатау ауданындағы Орталық киім-кешек базарының маңында өткізілді. Аталған аумақ полицияның ерекше назарында. Себебі бұл жерде үш дөңгелекті көліктер сауда орындары арасында қатынау үшін белсенді пайдаланылады және кей жағдайда қаланың жалпы пайдаланымдағы жолдарына шығады.

    Бір рейд барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 60-қа жуық дерегін анықтады.
    Полицейлерді, әсіресе, жүргізуші куәлігін ешқашан алмаған адамдардың үш дөңгелекті көлік құралдарын басқару фактілері алаңдатады. Қаланың көлік қозғалысы қарқынды жағдайында көлікті басқарудың қарапайым дағдыларының болмауы жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіреді.

    Полиция үш дөңгелекті көлік құралдарын пайдаланудың барлық белгіленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін еске салады. Көлік құралы тиісті тәртіппен тіркеліп, ал оны басқаратын адамның көлік құралын басқаруға заңды құқығы болуы қажет.
    Жүргізіліп жатқан іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың жолын кесумен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің тәртібін арттыру және жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары