Қоғам қауіпсіздігіне бастар жол: Абай облысында жастарға полиция қызметі таныстырылды

    Әлихан Бөкейхан университетінде Абай облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы (ЖҚАЖ) мен Кадр жұмысы басқармасының қызметкерлері студенттермен кездесіп, ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері мен кәсіби мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

    Кездесудің басты мақсаты — жастар арасында «Заң менТәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, Отанға адал қызмет ету құндылықтарын дәріптеу және ішкі істер органдарына қызметке орналасу мүмкіндіктерін түсіндіру.

    Сонымен қатар студенттерге ішкі істер органдарына қызметке орналасуға арналған qyzmet.police.kz платформасының мүмкіндіктері таныстырылды. Мамандар үміткерлердің аталған ресурс арқылы қажетті құжаттарды онлайн түрде тапсырып, іріктеу кезеңдерінен өту тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді.

    Кездесудің ерекше бөлігі — Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) қызметкерлерімен өткен ашық пікір алмасу болды. Арнайы бөлімше өкілдері өз қызметтерінің ерекшеліктері, жоғары деңгейдегі дене дайындығы мен психологиялық тұрақтылықтың маңызы, сондай-ақ қызмет барысында жедел шешім қабылдау мен командалық жұмыстың рөлі туралы айтып берді.

    Студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметіне қойылатын талаптар, кәсіби даярлық, тәлімгерлік жүйе және мансаптық өсу мүмкіндіктері жөнінде нақты жауаптар алды.

    Кездесу барысында жас мамандарды қолдауға, кадрлық резервті толықтыруға және полиция қызметіне білікті жастарды тартуға бағытталған жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.

    «Ішкі істер органдарында қызмет ету — ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған маңызды үлес. Бұл — үлкен жауапкершілікпен қатар, кәсіби тұрғыдан дамуға және қоғам игілігіне қызмет етуге мүмкіндік беретін абыройлы мамандық», — деді Кадр жұмысы басқармасының өкілдері.



    Іс-шара соңында студенттерге полиция қатарындағы қызметтің тек мамандық емес, ел қауіпсіздігіне қызмет ететін жауапты әрі мәртебелі таңдау екені түсіндірілді.
    Жастарға бағытталған мұндай кездесулер ішкі істер органдары мен жас буын арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, болашақ мамандардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары