Қайғылы жағдай орын алмай тұрып көмек көрсету керек: Абай облысында балалардың қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

    Қайғылы жағдай орын алмай тұрып көмек көрсету керек: Абай облысында балалардың қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

    Баланың мәселесін дер кезінде байқап, оған қажетті көмек көрсету — Абай облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселелеріне арналған кездесудің басты тақырыбы болды.

    Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Рахановтың төрағалығымен өткен іс-шара «Ес-Аймақ» рухани орталығында ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық адам қатысты. Жиында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың балаларға әсері және суицидтік әрекеттердің алдын алу мәселелері талқыланды.

    Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Жасұлан Байкенов профилактикалық жұмысты құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ғана емес, оған дейін бастау қажеттігін атап өтті.

    «Балалардың қауіпсіздігі – басты орында. Алдын алу жұмыстары құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ғана әрекет етумен шектелмеуі керек. Негізгі міндеттердің бірі – баланың мәселесін дер кезінде анықтап, оған қажетті көмек көрсету», — деді ол.

    Жыл басынан бері өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс 9 пайызға төмендеген. Атап айтқанда, қылмыс саны 45-тен 41-ге азайған. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қатысуымен 6440 құқық бұзушылық анықталды.

    Кездесуде буллинг, бопсалау және қудалау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар мұндай жағдайларды жасыруға болмайтынын, қауіптің алғашқы белгілері байқалған сәттен бастап көмекке жүгіну қажеттігін атап өтті.

    Тағы бір маңызды бағыт — балалардың жолдағы қауіпсіздігі. Полиция мәліметінше, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары іс жүзінде апта сайын орын алады. Бұл ересектер тарапынан да, оқушылардың өздері тарапынан да тұрақты бақылау мен назар аударуды талап етеді.

    Полиция қараусыз немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ профилактикалық жұмысты қажет ететін отбасыларды жүйелі түрде анықтап келеді. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың қарауына 142 материал жолданды. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 458 жасөспірім жеткізілді, тағы бесеуі девиантты мінез-құлық танытатын балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарына жіберілді.

    Білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейту мақсатында әрбір мектеп пен колледжге ювеналды және криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, сондай-ақ Семей қаласы Полиция басқармасы мен Полиция департаменті басшылығы қатарынан жауапты қызметкерлер бекітілді.

    Жыл басынан бері 3167 профилактикалық дәріс өткізілді. Сонымен қатар кездесуде профилактикалық жұмыстың форматын жаңарту ұсынылды. Бастауыш сынып оқушылары үшін оқытуға бағытталған анимациялық роликтерді, ал жоғары сынып оқушылары үшін құқық бұзушылықтардың себептері мен салдарын талқылайтын тақырыптық бейнематериалдарды пайдалану ұсынылды.

    Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жарияланған, «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» ұранымен өтіп жатқан Балалар жылы аясында да жүзеге асырылуда.

    «Баланы қорғау – полицияның ғана міндеті емес. Бұл ата-ананың жауапкершілігін, мұғалімнің қырағылығын, психологтың кәсібилігін және қоғамның бейжай қарамауын біріктіретін ортақ міндет. Қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау кей жағдайда баланың өмірі мен болашағын сақтап қалуы мүмкін», — деп атап өтті Жасұлан Байкенов.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары