
Әуезов ауданы әкімінің аппаратында мемлекеттік қызметті дамыту, қызметтік әдеп пен жауапкершілік мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Жиынға Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Еркеболат Нұржігітов, Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Бахтияр Камалов, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Шавкет Турдуев, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Айдана Нұрмағамбетова және аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Еркеболат Нұржігітов мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттарына тоқталды. Департамент өкілдері қолданыстағы заңнама талаптары, қызметтік әдеп, жауапкершілік және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметіне қатысты өзекті мәселелер бойынша түсіндірме берді.
Жиын ашық диалог форматында өтіп, аппарат қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет саласындағы өздерін қызықтырған сұрақтарды қоюға, пікір білдіруге және Департамент өкілдерінен тиісті түсіндірме алуға мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің сапасы мен тұрғындармен өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. Азаматтардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарау, ашықтықты қамтамасыз ету, қызметтік әдепті сақтау және мәселелерді заң аясында шешу — мемлекеттік органдарға деген сенімді қалыптастырудың маңызды негізі.
Мемлекеттік қызмет — ең алдымен халыққа қызмет ету. Оның сапасы кәсібилікпен, жауапкершілікпен және азаматтармен тиімді өзара іс-қимылмен айқындалады.









